Аймақтар • 01 Мамыр, 2018

Таразда «Жамбыл Марафон» атты спорттық іс-шара өтті

1071 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл сайын кеңінен аталып өтетін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласында жеңілатлетикалық жүгіріс және жартылай марафонға арналған «Жамбыл Марафон» спорттық бұқаралық іс-шарасы өтті.

Таразда «Жамбыл Марафон» атты спорттық іс-шара өтті

Аталған марафонға Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің Астана, Алматы, Көкшетау, Шымкент, Ақтөбе қалалары мен Жамбыл облысының тұрғындарынан 2500-ге жуық адам қатысты.

Жеңілатлетикалық жүгіріс бағыты 2.4 және 4.8 шақырым қашықтықта Орталық «Достық» алаңынан басталып, Желтоқсан, Сүлейменов көшелері арқылы Абай даңғылы бойымен жалғасты. Ал 10 шақырым жартылай марафонының бағыты Тараз қаласындағы Автокөлік базарынан басталып, Төле би даңғылы арқылы Махамбет, Ниетқалиев, әл-Фараби көшелері арқылы Орталық «Достық» алаңына дейін жалғасын тапты. Сонымен қатар, дене мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында да жеңілатлетикалық жүгіріс ұйымдастырылды. Марафон жұмысын «Мәнді өмір» қоғамдық қоры Жамбыл облысының әкімдігі мен Жамбыл облысының жеңіл атлетика федерациясымен бірлесе жүзеге асырды. Аталған марафон Қазақстан халқының бірлігі күні аясында өңір тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, барлық жас ерекшеліктегі азаматтарды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, сондай-ақ облыстағы  церебральді паралич ауруымен ауыратын балаларға қайырымдылық көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы